Шығыс Қазақстан облысы

жұмылдыру дайындығы басқармасы

РЕСМИ САЙТЫ
Шығыс Қазақстан облысында қауіп-қатерді бағалау және азайтудың пилоттық жобасы туралы

 


ҚР Білім министрлігі, ІІМ ТЖ комитеті және ЮНИСЕФ қол қойған «Қазақстандағы төтенше жағдайларға балалардың және осал бірлестіктердің өмірге төзімділігін арттыруға қолдау көрсетудің  2015 жылға арналған жоспары»шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қорының балалардың осалдығын ескере отырып қауіп-қатер тәуекелдігіне талдаулар жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асырудың іс-шаралар жоспары келісілді.
Аталған жобаны сынау үшін Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы таңдап алынды, себебі бұл аудан аумағы табиғи және техногендік сипаттағы әртүрлі қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға аса бейім. Зерттелген аудан Қазақстан Республикасында болуы ықтимал барлық төтенше жағдайларға бейім болып келеді. Аудан күрделі тау рельефі бар сейсмикалық 8 балдық аймақта орналасқан, сондай-ақ, өзендер мен су айдындарының көптігімен, қыс кезеңіндегі ауа райының күрделілігімен (боран, ауа температурасының төмендігімен, қар жамылғысының қалың түсуімен) ерекшеленді.

Қауіп-қатерлерді бағалау әдістемесін және оларды азайту жөніндегі іс-шараларды анықтау бойынша бірыңғай ұсыныс жасау үшін облыстық және аудандық деңгейлерде жұмыс топтары құрылды. Топтар құрамына мүдделі мемлекеттік органдар – ТЖ, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау, аудан әкімдіктері, жергілікті оқу орындары, жергілікті қызыл крест және жарты ай қоғамдастықтары өкілдері кірді. Облыстық жұмыс тобын ШҚО жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы Е.Ә. Сәрсембинов басқарды.


Проблемаларды тереңдетіп зерделеу үшін ЮНИСЕФ өкілдігі қоғамдастық қызметі саласындағы әртүрлі мәселелерді аналитикалық талдау, бағалау, зерттеу саласында үлкен жұмыс тәжірибесі бар ұйым ретінде «Зубр» консалтингтік орталығын жұмысқа тартты. Бірлескен жұмыстардың әртүрлі кезеңдерінде жұмыс отырыстары өткізіліп, осал нысандарға тексерулер жасалды, жалпы ақпарат анықтамасы жиналды, қауіп-қатерлерге талдау жасалды, ТЖ, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық салалары сияқты секторлардың мәселелері қаралды.
ЮНИСЕФ-тің орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ жергілікті және халықаралық сарапшылармен бірлесіп жүргізілген үлкен жұмыс қауіп-қатерлерге терең талдау жасауға, басымдықтарын анықтауға және қоғамдастықтар мен балалардың табиғи және техногендік апаттарға осалдығын төмендету жөнінде келісілген ұсыныстарды жоспарлауға мүмкіндік берді.

 

2015 жылы 11-13 қараша кезеңінде Минск қаласында (Белоруссия) ЮНИСЕФ Орталық Азия және солтүстік Кавказ елдері үшін апаттарды азайту және бағалау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық семинар ұйымдастырды. Семинарға Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан делегаттары қатысты. Қазақстан делегациясын ІІМ ТЖ комитетінің, Білім министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан ШҚО жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы – Е.Ә. Сәрсембинов, «Зубр» СКФ басшысының орынбасары – Ю. Натарова, Зырян ауданы Зубов кентіндегі орта мектептің АӘД және ӨҚН мұғалімі Климов В. В. қатысты.

Жұмыс тобы қауіп-қатерлер тәуекелдігіне жүргізген сараптау қортындысы бойынша ұсыныстар жасады, аталған ұсыныстар аумақтарды дамыту жоспарлары мен бағдарламаларына секторлар бойынша бөліп енгізілуімен қауіп-қатерлер тәуекелдігін азайту мәселелері мен шараларын енгізу үшін тиісті жауапты мемлекеттік органдарға мәлімденді.